10.10.2019 Камерундық профессор: ШҚМУ-да зерттеушілер тобын құрып, фитозертхана ашқым келеді Камерун еліндегі Маруа университетінің профессоры, химик Дауэ Амадоу бір ай С. Аманжолов атындағы ШҚМУ студенттеріне, магистранттары мен докторанттарына органикалық және аналитикалық химиядан дәріс оқиды. Қазан айы бойы Д. Амадоу студенттерге органикалық химия, ал магистранттар мен докторанттарға спектроскопия бойынша дәріс оқуда. Сонымен қатар, ол практикалық сабақтар да өткізіп жүр. Өзінің сабақтарын Амадоу мырза 12 қыркүйекте ашылған ШҚМУ-дың тұңғыш ректоры, академик Е. Мәмбетқазиев атындағы химия дәрісханасында жүргізеді. Естеріңізге салсақ, ШҚМУ ректоры М.Ә.Төлеген мен Дауэ Амадоу кездесіп, пайдалы шикізатты алу, өсімдік шикізатына талдау жасау бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқылаған-ды. https://www.vkgu.kz/kk/newsitem/shkmu-rektory-kamerunnan-kelgen-himiya-professorymen-kezdesu-otkizdi.html Өзінің фитохимияға деген құмарлығын ғалым шөппен емдейтін ата-апасының қолында тәрбиеленгенімен түсіндіреді. Профессордың Thomson Reuters және Scopus базаларында 30 шақты жарияланымы бар. Дауэ Амадоу өсімдіктерді дәрі жасау мақсатында зерттейді. – Мен С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-мен байланыс орнатқаныма қуаныштымын және келешекте осы оқу орнының докторанттарымен бірге зерттеушілер командасын жасақтағым келеді. Мақсатым – осы университетте фитозертхана ашу, ол жерде өсімдіктердің биологиялық белсенділігін, адам ағзасына тигізер пайдасын анықтайтын боламыз. Мен келер жазда келемін, сол кезде зертхана ашу мәселесін нақтылаймыз, – дейді Дауэ Амадоу. Камерундық ғалым Қазақстанға алғаш рет келіп отыр. Оның жұмыс кестесінде экскурсияларға уақыт жоқ, бірақ ол этноауылға барып, ерекше әсер алған, сол жерден достарына бейнерепортаж да жүргізген көрінеді. – Халық мені өте жақсы қабылдады, қазақстандықтар өте мейірімді, ақкөңіл болады екен. Тағы да келуді жоспарлап отырғанымның бір себебі – осы, – дейді профессор. Ол білімімен және тәжірибесімен бөліскісі келеді, ал уақыттың тығыздығы сонша, кейде түстенуге де бармайды. Сондай-ақ, ғалым кітаптарды өте көп оқиды екен және басқаларға да осындай кеңес береді. Баспасөз қызметі View the full image View the full image View the full image