25.10.2019 ШҚМУ студенті кикбоксингтен әлем чемпионы атанды С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың психология, педагогика және мәдениет факультеті дене шынықтыру және спорт теориясы мен әдістемесі кафедрасының 2 курс студенті Серікбол Ермеков кикбоксингтен әлем чемпионы атанды. Кикбоксингтен әлем чемпионаты 19 қазанда Ирландияда өтті, оған 25 елден спортшы қатысты. Чемпионның бапкерлері – Ержан Шегенов пен Ермек Мүкенов. Серікбол Ермеков спорт шебері разрядына ие, ол жастар арасындағы ел чемпионы. 2016 жылы Әлем кубогында 2 орын, 2014, 2015, 2016 жылдары «Ермак кубогы» халықаралық турнирінде 1 орын, 2017 жылы осы турнирде 2 орын алған. – Әлем чемпионатында «алтын» алдым, алдымен ресейлік спортшымен жолықтым. Үш раундтан соң төрешілер тең ұпай берді, сондықтан төртінші раундқа шығып, оны жеңдім, – дейді Серікбол. Ол Катонқарағай ауданының Жоғары Катон ауылында туған. Отбасыларында төрт бала бар, анасы – дүкенде сатушы, әкесі – тракторшы. Кикбоксингпен 12 жасынан мықтап айналысады, сондай-ақ бокспен, футболмен, жүзумен, атлетикамен, кроспен, ойындық спорт түрлерімен де шұғылданады. Тәрбиелі студент оқуды жақсы көреді (сүйікті пәндері – тарих, орыс тілі), салауатты өмір салтын ұстанады, бос уақытын толық спортқа арнайды. – Жас спортшыларға айтарым, көбірек еңбектену керек, сонда ерте ме, кеш пе жеңіске жетесіздер. Өз-өздеріңізді аямаңыздар, күнде жаттығу керек, таңертең жүгіру керек, салауатты өмір салтын ұстанған жөн. Барлықтарыңызға сәттілік тілеймін! – деп кеңес береді Серікбол. Баспасөз қызметі View the full image View the full image View the full image View the full image