04.05.2020 Ұлы Жеңіске - 75 жыл: Әкемізді мақтанышпен еске аламыз Рақышов Тұрысбек Рақышұлы 1918 жылы 10 қазанда Зайсан ауданының Қызылту ауылдық советінде дүниеге келген. Жанұяда екі ұл болған. Әкесі Рақыш Мөржанов атақты жылқышы болыпты. Сол заманына сай бесжылдық білімі бар. 1939 жылдың мамыр айынан әскер қатарына шақырылады, әскери борышын өтеп жүргенде соғыс басталады. 1946 жылдың сәуір айына дейін Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыс жылдарында 53-ші атқыштар полкінде болған. Соғыста бауырлас елдер – Украинаны, Беларусияны азат етуге қатысады. Кенисберг, Сталинград, Германия және Жапония, Қиыр Шығыстағы шайқастарға қатысқан. 1944 жылы «Сталинградты қорғағаны үшін», 1945 жылы «Қиыр Шығысты азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Кенисбергті алғаны үшін» және т.б. медальдармен марапатталған. Соғыс кезінде сол аяғынан ауыр жараланған. Соғыстағы көрсеткен ерлігі үшін бірнеше мәрте орден-медальдармен марапатталған. Соғыстан оралған соң Ласты совхозында әкесінің жолын қуып жылқышы болады. Еңбегі жоғары бағаланып, 2-3 мәрте депутат, екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, Ленин орденінің кавалері болған. Шолми Кәрімқызымен отбасын құрып, он бала тәрбиелеп өсірген, одан 33 немере, 49 шөбересі бар. Бүгінде балалары өмірден өз орындарын тауып, әке жолын жалғауда. Тұрысбек Рақышов 1987 жылы құрметті демалысқа шығып, 1990 жылы 5 қыркүйекте өмірден өтті. Әкеміз бен анамыз бүгінде арамызда жоқ болса да. үнемі істерін мақтанышпен еске алып, аруақтарына тағзым етеміз! Төлеубек Тұрысбекұлы Рақышов, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ шеберханасының меңгерушісі, магистрант, жауынгер-интернационалист View the full image