- Қазақ
- Русский
- English
- Qazaq tili
«Егемен Қазақстан» газетінің 2010 жылғы 12-наурыз күнгі санында Қазақстан Республикасының Италиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Алмаз Хамзаевтың Ұлы Жеңістің 65 жылдығына байланысты «Қарсыласу қозғалысындағы қазақстандықгар» атты мақаласы жарияланған еді.
Мақалада 25-сәуірде Италияның Триест қаласында сол қаланы азат ету кезінде қаза тапқан Югославия халық-азаттық армиясының 9-корпусы құрамындағы «орыс батальонында» қаза тапқан 104 кеңестік жауынгерді (оның 36-сы – қазақ) еске түсіру мақсатында ескерткіш ашылатындығы айтылып, сондағы құлпытаста есімдері жазылған жауынгерлердің тізімі көрсетілген екен. Сол тізімде біздің жерлесіміз – шығысқазақстандық Боранбаев Шаяхметтің де есімі жүр. Бұл майдангер жерлесіміз кім, оның соғысқа дейінгі өмірі қандай еді?
Менің шешем Рухияның туған бауыры – Шаяхмет нағашым 1918 жылы Ұлан ауданының Аюды ауылында дүниеге келген. Өз әкесі – Әкімхан, Шаяхметті атасының інісі – обаның кеселінен есейіп қалған екі ұлынан бірдей айырылған, үлкен молда болған Боранбай бауырына салып, өз атына жаздырады.
Шаяхмет Бозанбай ауылынан жетіжылдық мектепті, одан соң Өскемендегі коммунистік саяси-ағарту техникумын (Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновпен бірге оқыған) бітіреді. 1938-39 жылдары Самар ауданындағы Бастаушы ауылдық мектебінде Конституция, география пәндерінен мұғалім болып қызмет атқарады. Сол аудандағы Московка мектебінен 1939 жылғы қазан айында Қызыл Армия катарына алыналы.
Шаяхметтің екі апайы, екі інісі болған: Рухия, Зауақия, Шайырғазы, Махсұт. Қазір олардың өздері бақилық болғанымен, олардан тараған ұрпақгар негізінен осы Шығыс Қазақстанда тұрады. Соғыс жылдары 15-16-дағы бозбала Шайырғазы Нижний Тагилде ФЗО мектебін бітіріп, сондағы металлургия зауытында еңбек етіп, елге 1949 жылы оралған. Жарықгық, сол Шайырғазы ағасының деректерін кезінде көп іздестірген екен.
– Шаяхмет ағадан ең соңғы хат Югославиядан келіп еді, – дейтін папам. Содан бір күні өзімнің қолыма түскен Ұлы Отан соғысы туралы жазылған «Өшпес даңқ» деген жинақтағы жазушы Қалмұқан Исабаевтың «Батальон командирі» деген әңгімесінен Боранбаев Шаяхмет деген фамилияны кездестіріп, әкеме көрсеттім, – дейді қазір Өскеменнің түбіндегі Ахмер ауылында мұғалім болып істейтін Гүлнар Шайырғазықызы.
Содан бастап Шайырғазыдан маза кетіп, Алматыдағы жазушы Қалмұқан Исабаевқа телефон шалады. Ол кісі арқылы Түркменияның Мары қаласында тұратын Бейсен Раисовпен хабарласады. Бейсен Раисов соғыс кезінде Югославия халық-азаттық армиясының 9-корпусы, 18-бригадасының құрамындағы 2-екпінді батальонның («орыс батальоны») командирі болып, Шаяхмет Боранбаев сол батальонда соғысқан екен. Ақыры, 1985 жылы Шәкең Мары қаласына арнайы барып, Бейсен Раисовпен жолығады, әңгімелесіп, ағасы жайлы біраз жайға қанығады. «Орыс батальоны» негізінен фашистік концлагерьден қашып шығып, Югославия партизандарының құрамына кірген кеңестік жауынгерлерден жасакталған екен. Соғыс бастала салып олардың тұтқынға түсуін майдангер жазушы Қалмұқан Исабаев былайша түсіндіреді: «... Шекара мықты еді. Алайда 1939-40 жылдары Балтық жағалауындағы республикалар мен Батыс Белоруссия, Батыс Украина жерлері Кеңес Одағына қосылып, шекара бұрынғы шептен әрі батысқа қарай 150-200 километр жылжып кетті де, неміс фашистері елімізге баса көктеп кіріп келген 1941 жылы Қызыл Армия жауынгерлері оларды ешқандай да шебі жоқ ашық далада қарсы алды. Оның үстіне әскерді жаңа қарумен жабдықтау шарасы да дәл осы кезге келер ме? Көптеген бөлімдерден ескі қару-жарақ сыпырылып алынып, жаңасы әлі қолға тимеген жағдайда жау лап қойды. Осындай салақтықтың салдарынан соғыстың алғашқы жылында-ақ Қызыл Армияның 4,5 миллиондай жауынгері (көбі жараланған, қауқарсыз жағдайда) жау қолына түсіп қалды. Соғыс қарсаңындағы жылдары әскерге шақырылған қазақстандықгар түгелдей дерлік батыс шекара бойындағы бөлімдер мен заставаларға бағытталған болатын. Соғыстың алғашқы жылы жау қолына түскен қызыл әскерлердің ішінде қазақ жігіттерінің көп болуы осыдан...» (Қ. Исабаев. «Алғы шепте». А„ 2005 ж. 90-91-6.).
Шаяхмет фашистік лагерьден үшінші рет қашқанда ғана құтылып, партизандар қатарына қосылады. Осы сияқты боздақгардың қаншалықты азапты басынан кешкендігін ойша ғана елестетуге болады. Ерлікпен шайқасқан ұландық Шаяхмет Боранбаев сонау батыс қияндағы Югославияның Задлог селосы үшін болған қанды ұрыста 1945 жылғы 31-наурызда жау қолынан қаза табады. Соғыс кезіндегі Югославия халық-азаттық армиясы және партизан отрядтарының бас қолбасшысы, маршал Иосип Броз Титоның жарлығымен өзге де бірқатар жауынгерлермен бірге Шаяхмет Боранбаев Югославия мемлекетінің «Ерлігі үшін» орденімен марапатталған екен.
– Соғыста қайтыс болғандардың наградаларының барлығы Триест қаласындағы мұражайда сақтаулы, – деген екен Бейсен аға сол кездесуде...
Енді, міне, әлемдік деңгейде аталып өтілетін Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында ерлікпен шайқасқан батыр жерлесіміз жайлы нақты деректерді оқып, оның есімінің сонау Италиядағы ескерткішке жазылғанына көз жеткізіп, бір марқайып қалдық. Ер есімін өзінің туған жерінде, еңбек еткен жерінде де ұмытпай еске алып жүрсек, қандай ғанибет болар еді.
Суреттерде: 1. Өскемендегі коммунистік саяси-ағарту техникумының оқушылары (солдан оңға қарай): Қайсенов Қасым, Өзенбаев Дахай (жатқандар); Боранбаев Шаяхмет, Мажренов Рахымбек, Әбішев Сүлеймен, Жаңбырбаев Бақтыбай (отырғандар). Сурет 1936 жылғы 20-наурызда түсірілген.
2. Шаяхмет Боранбаев – оң жақтағы, жанындағы жолдастарының аты-жөні белгісіз (сурет Түрікменстандағы бұрынғы «орыс батальонының» командирі Бейсен Раисовтан алынды);
3. 2010 жылы Италияның Триест қаласындағы ескерткіштің ашылу салтанаты (сурет Италиядағы Қазақстан елшілігінен алынды).
Айтмұхамбет Қасымов, журналист-жазушы,
С. Аманжолов атындағы ШҚМУ қазақ, орыс филологиясы
және журналистика кафедрасының аға оқытушысы