С. Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры М.Ә.Төлеген бірегей далалық құқықтық құжаттың түпнұсқасын алып келу үшін Қазанға аттанды. Оқу орны басшысы Татарстан Республикасының Қазақстандағы өкілетті өкілдігінен кітапты Абайдың 175 жылдығына арналған облыстағы конференция барысында уақытша көрмеге қою мүмкіндігін алып отыр.
Ұлы ақын, аудармашы және ағартушы Абай Құнанбаевтың дарынды саяси қайраткер және заң шығарушы ретінде де даңқы шыққан. Оның өмірбаянының осы парақтары қалың көпшіліктің бәріне мәлім емес...
Тұңғыш далалық заңнамалық басылымды – 1885 жылы басылып шыққан «Қарамола ережесін» немесе «Қарапайым қазақтарға арналған кодексті» Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-мұражайының ғалымы Қазанға (Татарстан Республикасы, РФ) жасаған ғылыми іссапары кезінде Қазан федеральдық университетінің Лобачевский атындағы кітапханасынан тапқан болатын.
Лобачевский атындағы кітапхананың қызметкерлері құжаттың көшірмесін алуға ғана рұқсат беріпті.
Еңбектің тарихына тоқталсақ, «Карамола ережесі» заңдар кодексі – қазақ тіліндегі алғашқы құқықтық құжаттардың бірі, оның тарихы 1885 жылы мамырда Шар өзенінің жағасындағы Қарамола жерінде қабылданғаннан басталады. Бұл – Семей облысының бірқатар округтерінің жүзден астам билердің арасында өткен кезектен тыс съезінде қабылданған даланың әдет-ғұрыптары мен заңдарының жиынтығы. Құжаттың түпнұсқасы 1886 жылы Семей әскери губернаторының бұйрығымен Қазан императорлық университетінің баспаханасында араб графикасында басылған.
Қарамолада барлығы Абайды съезд төрағасы етіп сайлайды. Абай үш күн ішінде заңға байланысты мақалалар жазады.
Мамандардың айтуынша, Абай демократ ретінде қарапайым қазақтардың өмірін қалай жеңілдетеміз деген бағытта көптеген ұсыныс кіргізген.
Баспасөз қызметі