Компьютерлік үлгілеу және ақпараттық технологиялар кафедрасында «Информатика» мамандығы 4-курс студенттерінің өндірістік (педагогикалық) іс-тәжірибесі бойынша қорытынды конференциясы онлайн режимде өтті.
Конференцияға комиссия мүшелері Ж. Жантасова, А. Қадырова, С. Көбентаева, А. Сәдуақасова және студенттер іс-тәжірибеден өткен А. Байтұрсынов атындағы №20 орта мектептің информатика пәні мұғалімі Г. Тұрсынбаева, З. Ахметов атындағы №16 орта мектептің информатика пәні мұғалімі Н. Сейітқазинова қатысты.
Баяндама жасаған студенттер іс-тәжірибеде алған әсерлерімен, жаңа білімдерімен бөлісті. Өздері жетекшілік еткен сыныптарын таныстырып, қай сыныптарда информатика сабақтарын жүргізгені туралы, мектепте жаңа білім мазмұны бойынша сабақтарды ұйымдастыру ерекшеліктері туралы айтты.
Сонымен қатар 10 аптада орындалған іс-тәжірибе мақсат-міндеттерімен таныстырып, өткізген сыныптан тыс ашық іс-шараларымен таныстырды. Іс-тәжірибеде не нәтижелі болғанын, қандай педагогикалық жағдаяттарға жолығып, оларды қалай шешкендерін айтып, ұсыныстарымен бөлісті.
Презентацияда сабақ сәттерінен суреттер, оқушылар жұмыстарынан үзінділер мен мысалдар келтіріп, дипломдық жұмыс тақырыбы бойынша жинаған материалдарын көрсетті.
Конференцияға қатысқан мектептің информатика пән мұғалімдері студенттердің даярлығына жоғары баға беріп, болашақта жақсы ұстаз болатындарына сенім білдірді.
Компьютерлік үлгілеу және ақпараттық технологиялар кафедрасы