С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-да Ұлттық инженерлік академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Әшімжан Ахметовтің 70 жылдығына арналған «Ғылым дамуының өзекті мәселелері және басым бағыттары» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
– Әшімжан Сүлейменұлының өмірбаяны жастар үшін қызықты, ол ғалымнан бастап университет басшысы, қоғам қайраткеріне дейінгі жолды жүріп өтті, – деді пленарлық отырыста модератор болған С. Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры Мұхтар Төлеген. – 2005-2006 жылдары ШҚМУ ректоры болған ол ЖОО жұмысын жүйелендірді, ғылыми базаны нығайтты, Польша, Корея университеттерімен студенттерді оқыту бойынша меморандум жасасты.
Әшімжан Сүлейменұлы Ахметов 1950 жылдың 23 ақпанында Жамбыл облысының Шу ауданында дүниеге келген. Ленсовет атындағы Ленинград технологиялық институтын үздік бітірген. Техника ғылымдарының докторы, заң ғылымдарының кандидаты, профессор.
Еңбек жолын 1973 жылы бастаған. 1973-1978 жылдары Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының аспиранты, Ленинград технологиялық институтының аспиранты болып жұмыс істеген.
1978-1989 жылдары доцент, кафедра меңгерушісі, факультет деканы, Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институты партия ұйымының хатшысы қызметтерін атқарды. 1992-1994 жылдары «Қазфосфор» қауымдастығы төрағасының орынбасары, «Қаратау» холдингтік компаниясының бірінші вице-президенті, қазақ-лихтенштейндік «INKO» бірлескен мекемесінің бас директоры болған.
1994-1995 жылдары 13-ші сайланған ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, 1995-1996 жылдары Өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары, Көлік, өнеркәсіп, энергетика және байланыс комитетінің төрағасы болып жұмыс істеген. 1996-1999 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экология және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы болды. 1999-2008 жылдары Білім және ғылым вице-министрі, Ш. Есенов атындағы Ақтау, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеттерінің, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры қызметтерін атқарған. 2008 жылдан бастап М. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры болды.
«Парасат», «Құрмет» ордендерімен, «Астана», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «А. Байтұрсынов», «Доброта спасет мир» медальдарымен, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Білім беру саласының үздігі» және «Алтын барыс» белгілерімен марапатталған.
Жиында ғалымның әріптестері сөз алды, олар – ШҚМУ-дың тұңғыш ректоры, академик Е. Мәмбетқазиев, Қазақстан марал өсірушілері қауымдастығының төрағасы, «Катонқарағай марал бағы» қожалығының басшысы Нұрлан Тоқтаров, «Alemtrade» ЖШС (Алматы қ.) директоры С. Қазақбаев, «Нұр Болашақ» бірлестігінің, «Бақыт» балабақшасының құрылтайшысы, Ә. Ахметовтің зайыбы Д. Омарова, соңғысына С. Аманжолов медалі табысталды.
– Әшімжан Сүлейменұлы өз жұмысын, адамдарды жақсы көретін, әсіресе студенттерге ерекше қарайтын, аттарын жатқа білетін, олардың жатақханаларына барып, мәселелерін шешіп жүретін. Баршаларыңыздың болашақта нағыз кәсіби маман болатындарыңызға сенімім сол, – деді Дина Смайылқызы студенттерге.
Мерейтойға қатысты өткен байқау жеңімпаздары да марапатталды. 1 орынды «Өңдеу технологиясы» мамандығының 4 курс студенті Аружан Бейсебай, 2 орынды «Туризм» мамандығының 2 курс студенті Диас Кұмалхан, 3 орынды «Физика-информатика» мамандығының 1 курс студенттері Шолпан Нұрланқызы, Октябрь Ақиық алды.
Пленарлық отырыс соңында қарар қабылданып, Ахметов атындағы химия кабинетінің ашылуы өтті.
Баспасөз қызметі