С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-да Білім күніне арналған салтанатты жиын болып өтті. Бірінші курс студенттері өткен жылмен салыстырғанда екі есеге көбейіп отыр, олардың саны – 2600 адам. Сол себепті, келушілердің көбі акт залына сыймады.
– Баршаңызды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын! Жаңа оқу жылымен бірге біз университет тарихының таза бетін, жетістіктер мен жеңістердің жаңа парағын ашқалы отырмыз. Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті – әлемдік және қазақстандық рейтингтерде жоғары көрсеткіштерге ие болып жүрген еліміздің маңдайалды жоғары оқу орындарының бірі, – деп білім күнімен құттықтаған ШҚМУ ректоры Мұхтар Төлеген елдегі 130 жоғары оқу орны арасында Аманжолов университеті 6 орын алып, үздік ондықтың қатарына еніп отырғанын атап өтті.
Биыл университетте қажетті мамандықтар бойынша бакалавриаттың, магистратураның, докторантураның 17 жаңа білім бағдарламасы ашылды.
Атап айтсақ, докторантура бойынша 5 (экономика, математика, қазақ тілі, химия, информатика), магистратура бойынша 3 (шет тілі, тарих, АӨҚН), бакалвриат бойынша 9 жаңа мамандық ашылды, оның ішінде математика-физика, математика-информатика, физика-информатика, химия-биология, география-тарих деген қосарлы мамандықтар бар.
ШҚМУ-да 110 шетел студенті білім алуда, олар Қытай, Моңғолия, Ресей, Оңтүстік Корея елдерінен.
Биыл түскен студенттер ішінде 39-ы – «Алтын белгі» иегері, 40-ы – үздік аттестат иегері. Білім алушылардың жалпы саны – 6 мыңнан асады.
Ерекше тоқталатын жайт, «Серпін» бағдарламасы бойынша университетте 700-ден астам жас білім алуда. Биыл «Серпін» бағдарламасының түлектері Шығыс Қазақстан облысына жұмысқа орналасты. Олар – Қызылорда, Маңғыстау, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарынан келген жастар.
Баспасөз қызметі