С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-да 18-20 маусым аралығында «Латыннегізді қазақ жазуы және емле ережелері» атты курс өтуде.
Қаңтар айында бірқатар қызметкерлер осы курстан өткен еді. Курсты филология ғылымдарының кандидаттары А. Әлімхан мен А. Айтмұқашова жүргізуде. Курс барысында латын әліпбиіне көшудің стратегиялық маңызы, жаңа ұлттық әліпбидің тәртібі мен құрамы, бірге жазылатын сөздердің емлесі, дефиспен жазылатын сөздердің емлесі, шеттілдік сөздердің орфографиясы мен орфоэпиясы сынды тақырыптар қарастырылады. Тыңдаушылар жаңа әліпби бойынша оқуға, жазуға машықтанады.
Осы орайда С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті білім беруді латын әліпбиіне көшіру үшін алдымен оқытушылар мен қызметкерлерді тұрақты түрде дайындықтан өткізіп отыру туралы шешім қабылдады.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында латын графикасына негізделген ұлттық әліпби мен емле ережелерін үйрету курсы ұйымдастырылды.
Ұлт көшбасшысының Жарлығымен былтыр латын графикасына негізделген жаңа әліпби бекітілген болатын. Содан бері Қазақстан халқы мәселені талқылаудан нақты қадамдарға бет бұрды. 2018 жылдың 27 сәуірінде Білім және ғылым министрінің білім саласының барлық деңгейлерін 2025 жылға дейін латын әліпбиіне көшіру туралы бұйрығы шықты.
«Қазақ жазуы және латын графикасы» орталығы,
Кәсіби даярлық және біліктілікті арттыру орталығы