С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-да ректордың төрағалығымен проректорлар, декандар, кафедра меңгерушілері, құрылымдық бөлімшелер жетекшілері қатысқан жедел кеңес өтті.
С. Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры Мұхтар Төлеген өткен оқу жылының қорытындылары және жаңа оқу жылының міндеттері туралы ақпарат берді.
Кеңес барысында қабылдау комиссиясының жұмысы, түлектерді, оның ішінде «Серпін» бағдарламасы бойынша оқығандарды жұмыспен қамту, жатақханаларды (Студенттер үйлерін) жөндеу, «Сібе» демалыс базаларын абаттандыру, кәсіби бағдар беру жұмысы, жалпы білім беру үрдісінің міндеттері, тәрбие ісі, ЖОО-ның даму стратегиясы сынды мәселелер қаралды.
Сондай-ақ, жиында шілде айында №1 оқу ғимаратында фронт-кеңсені ашу, жаңа оқу жылында Е. Мәмбетқазиев атындағы химиялық талдау кабинетін, №5 оқу ғимаратындағы тамақтану орнын, фитнес орталықты ашу мәселелері де сөз болды.
Ректор университетте адалдық және жауапкершілік, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет саясатын белсенді іске асыру, волонтерлықты жан-жақты дамыту қажеттігі туралы айырықша атап өтті.
– Еріктілер қозғалысын дамыту барысында балалар үйлеріне барумен ғана шектелудің қажеті жоқ, сонымен қатар мектеп оқушыларына дәрістер оқу, ағылшын және өзге де шет тілдерін меңгерту, домбыра шертуді үйрету секілді шаруалармен айналысқан да жөн. Заман ағымынан қалуға болмайды, – деп атап көрсетті Мұхтар Төлеген.
Баспасөз қызметі