«Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануына және ұстаз мамандығы беделінің артуына байланысты мұғалімдерді сапалы даярлау білім беру жүйесіндегі басты мәселелердің бірі болып отыр.
ШҚМУ кәсіптік оқытудың инновациялық және тиімді технологияларын іздеуде, тәжірибеге бағдарланған оқу процесін жүзеге асыру үшін тиімді ұйымдастырушылық-педагогикалық жағдайлар жасауда, сонымен қатар кеңейтілген реформа және жаңартылған білім мазмұнын іске асыру аясында жоғары оқу орындарын бітірушілерді заманауи біліммен, мұғалімнің кәсіби іс-әрекетінің технологиясымен жарақтандыруда.
Тиісті педагогикалық білім беру бағдарламаларын әзірлеу (университет жүзеге асыратын білім беру бағдарламаларының жалпы санының 47% құрайды) Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасымен және жұмыс берушілер серіктестерімен бірлесе отырып, аймақтың сұранысқа ие мамандықтарына тұрақты мониторинг жүргізуден тұрады. Негізгі критерий – «Педагог» кәсіби стандартын, еңбек нарығындағы үрдістерді, жұмыс берушілердің қажеттіліктерін, халықтың білім қажеттіліктерін және түлектерді жұмысқа орналастыру мүмкіндіктерін ескеру.
Университет жүзеге асыратын барлық педагогикалық білім беру бағдарламалары Назарбаев Зияткерлік мектебінің тәжірибесіне, сондай-ақ мектепке дейінгі және орта білім жүйесіндегі өзгерістерге сәйкес жаңартылған. ШҚМУ-да білім беру бағдарламаларын сараптау мен жаңартуды үйлестіруді алқалы кеңесу органы – Білім беру бағдарламаларын әзірлеу және дамыту жөніндегі жобалық бюро іске асырады, оның құрамына білім беру бағдарламалары бойынша жобалық комитеттер енеді.
Бүгінгі таңда университет серіктестер – жұмыс берушілермен бірлесіп тиісті білім беру бағдарламалары, соның ішінде инновациялық бағдарламалары жасалды. Бұл ретте интеграция және пәнаралық компонент бірінші орынға шығып отыр.
Соңғы бірнеше жылда танымал бағдарламалар тізіміне кіріктірілген бағдарламалар кіреді: 6В01507 Химия-Биология, 6В01508 Математика-Физика, 6В01509 Физика-Информатика, 6В01510 География-Тарих, 6В01511 Математика-Информатика, 6В01512 Биология-Жаратылыстану. Осы білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру университетке қазіргі кездегі білім беру саласындағы маңызды мемлекеттік проблеманы шешуге мүмкіндік береді, ол – облыс пен республикадағы шағын мектептер үшін мұғалімдерді даярлау.
Бакалавриаттың 4 білім беру бағдарламасында («Химия», «Биология», «Математика», «Информатика») үш тілде білім беруді енгізу бойынша мемлекеттік міндеттерді шешу мақсатында университет болашақ ағылшын тілінде оқытушылар дайындауда.
Болашақ мұғалімдер жеке және кәсіптік құзыреттіліктерді «Minor» қосымша білім беру бағдарламалары шеңберіндегі курстар арқылы дамыта алады, онда ғылыми-зерттеу және кәсіпкерлік дағдыларды, цифрлық сауаттылықты дамытуға көп көңіл бөлінеді.
Оқытушылар құрамының сәтті дайындалуына ШҚМУ-да жақсы материалдық-техникалық базаның болуы ықпал етеді. 2019-2020 оқу жылында университетте ректордың бастамасымен және серіктес-жұмыс берушілердің қолдауымен «НЗМ» типіне сәйкес оқу-зертханалық жабдықтармен жаратылыстану-математикалық бағыттағы әртүрлі оқу бөлмелері мен зертханалар ашылды: 5 жаңа ІТ-сынып; 22,2 млн. теңгеге «KAZ Minerals-пен» бірге – химия класы және екі химия зертханасы; Ж. Ахмеров атындағы цифрлық гуманитарлық кабинет; «Роболаб» оқу роботты-техника зертханасы. Lego Mindstorm EV3 базасында роботтарды жобалау және бағдарламалау бойынша зертханалық жұмыстар кешені сатып алынды, IT мамандықтары бойынша оқу процесінде қолданылатын роботтар кешені жаңартылды, оның ішінде SMART қызметтерімен («ақылды үй», «ақылды автокөлік», «ақылды денсаулық» және т.б.) IT-инфрақұрылымын құру мүмкіндігі бар жаңа «Компьютерлік мехатроника» білім беру бағдарламасы да бар.
Жалпы, ШҚМУ-дың оқытушыларды даярлаудағы 70 жылдық тәжірибесі, аймақ басшылығының қолдауы, университет әкімшілігінің оң бастамалары, қолда бар инновациялық, ғылыми-зерттеу әлеуеті, материалдық-техникалық жабдықталуы, жоғары деңгейлі оқытушылар құрамы білім ордасына Шығыс Қазақстан облысы үшін маман даярлау саласында, оның ішінде педагогикалық кадрлар даярлауда жетекші орындардың бірін алуға мүмкіндік береді.
Академиялық саясат
және білім беру бағдарламаларын басқару департаменті