Пушкин атындағы облыстық кітапханада орыстың ұлы ақыны Александр Пушкиннің 220 жылдығы аталып өтті.
Ақын ескерткішіне облыс әкімі және Өскемендегі Ресей консулдығы атынан гүл шоқтары қойылды.
Классик туындылары қаһармандарының костюмін киген актерлер көшеде ақын өлеңдерін оқып, әндерін шырқады. Көшедегі жұрт та ақынның өздері сүйетін өлеңдерін айтты.
– Облыстық кітапхананың Пушкиннің есімін иеленетіні қуантады. Мұнда 380 мың дана кітап жинақталған. Қор ұдайы толығып тұрады. Былтыр «Абай әлемі» сериясымен Абай, Шәкірім, Әуезов, Достоевский, Ивановтардың, облыс жазушыларының туындылары басылып шықты. Биыл да осы сериямен кітаптар жарық көреді, – деді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.
Оқушылар мен студенттер ақын өмірі туралы интербелсенді көрмені тамашалап, ақын өлеңдерін тыңдады, өздері де Пушкиннің туындыларын жатқа айтты.
– Мерекенің осы форматы ұтымды деп ойлаймын. Пушкиннің өзі де ашық, белсенді адам болған ғой. Сондықтан жыл сайын осындай мейрам қажет, бүгін кез келген адам микрофонға кеп, өздері білетін ақын өлеңдерін айта алды. Абай мен Пушкиннің бағыты бізге өз кодымызды сақтауға мүмкіндік беруде, – деді ШҚМУ профессоры, пушкинтанушы Люция Абдуллина.
Мейрам аясында ақын туындыларының көрмесі ұйымдастырылды.
Баспасөз қызметі