ШҚО делегациясының Татарстанға сапары барысында ШҚМУ мен ҚФУ ынтымақтастық туралы меморандум жасасуға келісті. ШҚМУ ҚФУ-мен меморандум жасасқан ШҚО-дағы тұңғыш, еліміздегі 20-шы ЖОО болмақ.
– ҚФУ-да ІТ-технологияны, роботты техниканы дамыту, педагогика, психология, заңтану, дефектология, ҒЗЖ бойынша бірлескен білім бағдарламаларын өркендету, қосдипломды білім беру, студенттермен алмасу бойынша келіссөздер жүрді, – деді ШҚМУ ректоры Мұхтар Төлеген.
Ректордың айтуынша, ЖОО-лардың ортақ мақсаттары көп және ынтымақтастық жоспарлары үлкен.
– Қазан университетімен байланысты нығайтуды көздеп отырмыз, себебі аталмыш оқу орнында ІТ саласы, цифрландыру, роботты техника салалары айырықша дамыған, – деген ректор сөзін ҚФУ медиапорталы жариялап отыр.
Қазан университетінде 44 мың студент бар, оның 652-сі – Қазақстан жастары. Ол байырғы тарихы бар Ресейдің озық жоғары оқу орындарының бірінен саналады.
Баспасөз қызметі