- Қазақ
- Русский
- English
- Qazaq tili
18 қазанында осы оқу жылындағы университеттің Әдістемелік Кеңесінің алғашқы отырысы болып өтті. Күн тәртібіне сәйкес отырыс барысында өзекті сұрақтар талқыланды.
«Еңбек нарығындағы жаратылыстану ғылымдары және технологиялар факультетінің түлектеріне деген сұраныс және жас мамандарды дайындау сапасы жайында жұмыс берушілердің пікірі» тақырыбы бойынша факультет деканының баяндамасын Баяндинова М.Б. баяндап берді.
Ол білім алушылардың тиісті құзыреттіліктерге ие болуы мақсатында уақыт талабына сай үш тілді білім беруді жүзеге асыру үшін бейінді пәндерді тереңдетіп оқытудың қажеттігін атап өтті. Осыған орай, Әдістемелік Кеңес мүшелеріне факультеттің түлектерін жұмысқа орналастыру үрдісін оңтайландыру мақсатында жұмыс берушілермен байланыс пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған жұмыстың жаңа түрлері мен формаларын құру мен ендіру ұсынылды.
Кәсіби іс-тәжірибені ұйымдастыру және өткізудің жаңа тәсілдері сұрағы бойынша ақпаратты әдістемелік жұмыс, іс-тәжірибе және жұмысқа орналастыру бөлімінің кәсіби іс-тәжірибе жетекшісі Тоқаева Ж.Т. мәлімдеді. Баяндама барысында университеттегі іс-тәжірибеге бағытталған оқытуды жүзеге асырудың өзектілігі, іс-тәжірибенің негізгі нормативті құжаттарға, соның ішінде Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігінің жаңа нормативті құжаттарына сай ұйымдастырылуы қажеттігі қарастырылды.
Экономика және құқық факультетінің оқу-әдістемелік жұмыс бойынша декан орынбасары Рахметова А.К. факультеттің әдістемелік онкүндігінің жоспарымен таныстырып өтті. Ол жаңа оқыту технологияларын ендірудің, үш тілді білім берудің, студенттердің жұмысын ұйымдастырудағы жаңа әдістерді қолданудың мәселелеріне ерекше көңіл бөлінетіндігін атап бере отырып, жоспарланған іс-шаралар бағдарламасымен таныстырып өтті. Кеңестің мүшелеріне онкүндіктің өту барысы мен ұйымдастырыуына университеттің құрамды бөліктерін қатыстыру, іс-шараларды интеграция принципін қолдану арқылы құру ұсынылды.
Әдістемелік Кеңес отырысы барысында университеттің қызметінің негізгі бағыттары бойынша жұмыс топтарының құрамы бекітілді.
Барлық енгізілген ұсыныстар бірауыздан қабылданды.
Әдістемелік жұмыс, іс-тәжірибе және жұмысқа орналастыру бөлімі