СӘРСЕН АМАНЖОЛОВ АТЫНДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ
Мамраев Бейбіт Баймағамбетұлы. Еңбек жолын 1973 жылы бастады. 1980 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін аяқтағаннан кейін еліміздің білім беру жүйесінде оқытушылық қызметтерде жұмыс істеді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры болып қызмет атқарды. ҚР Ұлттық ғылым академиясында ғылыми және әкімшілік қызмет орындарында еңбек етті.
2000 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінде білім және ғылым, кейіннен Қоғамдық-саяси бөлімнің әлеуметтік саясат секторларын басқарды. Білім, ғылым, мәдениет («Мәдени мұра»), спорт және туризм, денсаулық сақтау, тұрғын үй құрылысын дамыту салаларындағы Мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеуге белсенді қатысты.
2004 — 2006 жылдары елшілік қызметте еңбек етті. Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасы Елшілігінде Кеңесші — Уәкіл қызметін атқарды.
2006 жылдан бастап — Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы.
2008 жылдың сәуірінде С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры болып тағайындалды.
Б.Б. Мамраев — филология ғылымдарының докторы, профессор, Еуразия Халықаралық экономикалық академиясының академигі, елшілік шені бар, Қазақстандық ПЕН-Клубының, Еуропалық университеттер ректорлары Клубының, Еуразиялық университеттер қауымдастығы Кеңесінің (Мәскеу қ.) мүшесі. 180-нен астам ғылыми еңбектің авторы. Францияның Нантер (Париж-10) және Сорбонна (Париж-3) университеттерінде дәрістер оқыды. Еуропа мен ТМД елдеріндегі халықаралық конференцияларға, Түрксой съездеріне қатысты.
Ғалымның жетекшілігімен диссертациялар, соның ішінде Ресей мен Қытай азаматтарының диссертациялары қорғалды. Тұрақты ғылыми басылымдардың редакциялық алқаларының мүшесі, бірқатар ғылыми монографиялардың, ғылыми жұмыстар жинақтарының жауапты хатшысы, «Шығыстың аймақтық хабаршысы» журналының бас редакторы болып табылады.
«Нұр Отан» ХДП мүшесі, облыстық мәслихат депутаты, «Нұр Отан» ХДП ШҚ облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы, «Нұр Отан» ХДП 2020 партиялық бағдарламасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, 2011 жылғы сайлауда ҚР Президенттігіне үміткер Н.Назарбаевтың сенімді тұлғасы.
Профессор Б.Б. Мамраевтың кәсіби және қоғамдық қызметіне ауқымды және іске асырарлық мақсаттар қоя білу, оларға жетудің нақты жолдарын егжей-тегжейлі өңдей алу, команда жұмысын ұйымдастыра білу, пікірлес адамдарды тарту қасиеттері тән.
Инновациялық менеджменттің енгізілуі, басқарудың ұжымдық мәдениетін дамыту, жоғары оқу орны қызметінің білім сапасына бағытталуы университеттің ЖОО-лардың Ұлттық рейтингісінде 6 орынға ие болуына мүмкіндік берді.
Ректор университеттің әлемдік білім беру кеңістігіне кірігуіне ерекше көңіл бөледі. Студенттер мен ПОҚ үшін Интернетке, сондай-ақ университет кітапханасында халықаралық ақпараттық ресурстарға тегін қолжетімділік қамтамасыз етілген. ЖОО-ның халықаралық қызметі белсенді дамуда, университеттің Моңғолиядағы филиалында оқыту сапасы арта түсті, оның материалдық базасы нығайтылды. 2010 жылдан бастап ҚР Үкіметі тарапынан ректордың бастамасымен Моңғолия студенттері үшін 25 білім гранты бөлініп тұрады. Ректордың нәтижелі қызметі арқасында ҚР Президенті А. Назарбаевтың Моңғол Ұлттық университетінде (Ұлан-Батор қ.) «Қазақ тілі мен елтану» білім беру бағдарламасының ашылуы туралы тапсырмасының орындалуы қамтамасыз етілді. Осылайша ректордың басшылығымен білім беру қызметтерінің экспорты жүзеге асырылуда.
2009 жылы Болоньяда Университеттердің Ұлы Хартиясына қол қойылды. 2010 жылғы наурызда университет Ұлттық аккредиттеуден, ал 2010 жылғы мамырда беделді германдық сертификаттау агенттігі – Мюнхен қолданбалы ғылымдар орталығында сапа менеджменті жүйесін ресертификаттаудан табысты өтті.
Білім мен ғылымның тиімді даму жолын табудағы көрегендігі, жоғары мектепті ұйымдастыру мен басқарудағы дарындылығы, университеттің 3 жылдағы жеткен жетістіктері ректор Б.Б. Мамраевқа Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ шетелде жоғары бедел мен мәртебеге ие болуға мүмкіндік берді.
Профессор Б.Мамраев жемісті еңбегі үшін Қазақстан Республикасының Президенті Н.А. Назарбаевтың Алғыс хатымен (2007 жыл), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталды.
