29.06.2019 ШҚО жастары «Донор күні» акциясын бастады С. Аманжолов атындағы ШҚМУ №5 ғимаратының бірінші қабатында Арыста зардап шеккендерді қолдау мақсатында Донор күні өткізілді. Акцияны ұйымдастырушылар – Шығыс Қазақстан облыстық қан орталығының және С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың қолдауымен ШҚО ішкі саясат басқармасының Жастар ресурстық орталығы. Жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Есімбекованың айтуынша, акция бірнеше күн бойы өтеді және оған еріктілер, белсенділер, студенттер, Қорғаныс департаментінің, ТЖ департаментінің, Қылмыстық-түзету жүйесі департаментінің, әскери бөлімдердің қызметкерлері қатыспақ. – Арыста қайғылы жағдай орын алғанда Шығыс Қазақстан жастары бірден отандастарымызға көмек көрсетуді ұйғарды. Барлық аудандық және қалалық жастар орталығында штабтар құрылған. Біз Донор күнін жарияладық. Әрбір ниет білдірген адам қан тапсырып, 1000 теңге ала алады. Біз осы қаражатты жинап, Арыстағы қайырымдылық шотқа жөнелтеміз. Осылайша біз мұқтаждарға қол ұшық созбақшымыз, себебі қан барлық өңірлерге керек, оның ішінде Арыс қаласына да, – дейді Арайлым Есімбекова. – Болған жайт баршамыздың қабырғамызды қайыстырды. Барша жапа шеккендерге көмектескім келеді. Бүгін осы акцияға қатыса отырып, азғантай болса да жәрдемім тиер деген үміттемін. Қазақстан халқы тағы бір мәрте өзінің ауызбіршілігін танытып отыр, – дейді Өскемендегі өрт сөндіру бөлімінің қызметкері Арғынбек Әділбек. Шығыс жастары бүкіл республика жұртшылығын акцияға белсенді қатысуға шақырып отыр. Баспасөз қызметі View the full image View the full image View the full image