Бірнеше күн бұрын Үкімет Білім және ғылым министрлігінің әзірлеуімен дайындалған «Қазақстан Республикасының білім және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» жобасын мақұлдағаны мәлім.
Үкіметтің кезекті отырысында білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қорытындылары және жаңа мемлекеттік бағдарламаның негізгі бағыттары туралы баяндады. Министрдің айтуынша, 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада 12 индикатор, 71 көрсеткіш және 262 іс-шараны орындау көзделген.
Мемлекеттік бағдарламаның орындалуы 92%, іс-шаралар – 98,8% құрады. Жалпы, мемлекеттік бағдарламаны іске асыру көптеген мәселелерді шешуге мүмкіндік берді – еліміздегі мектептер жаңартылған мазмұнға көшті, колледждерде баршаға арналған тегін ТжКББ жобасы іске асырылуда, университеттерге академиялық және қаржылық дербестік берілді, отандық ғалымдардың беделді журналдарда жариялау белсенділігі 2 жарым есе өсті.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінде де маңызды өзгерістер орын алып, соңғы бірнеше жылда кадрларды даярлауға арналған, оның ішінде PhD докторлары, магистрлерді дайындаудағы мемлекеттік тапсырыс көлемі айтарлықтай өскенін, білім беру гранттарына бөлінетін қаражат көлемі ұлғайып, жоғары білім алу қолжетімділігі артқандығы нәтижесінде, оның салдары болып табылатын ел жастарының шетел асуы азайғанын атау маңызды.
Реформалаудың университеттерге берілген дербестікті нығайту бағыты – бәсекеге қабілеттілікті күшейтіп қана қоймай, олардың нәтижелеріне негізделген сапалы кадрлық мамандар даярлаудағы әлеуметтік жауапкершілігін арттырды. 2019 жылдан бастап әр ЖОО білім беру бағдарламаларының нақты бағыты бойынша лицензия алып, өз өңірі үшін сұранысқа ие кадрларды даярлауға мүмкіндік алды.
Бүгінгі таңда білім және ғылым жүйесінің алдында жаңа мақсаттар мен міндеттер тұр. Оларды шешу үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бірқатар стратегиялық және бағдарламалық құжаттар – «Ұлт жоспары: 100 нақты қадам», «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, Мемлекет басшысының сайлауалды платформасы, тамыз кеңесінде және Қазақстан халқына арналған Жолдауда берілген тапсырмалар жаңа бағдарламада толығымен ескерілген.
Алдағы бес жылға арналған білім беру саласындағы негізгі басымдықтарды қамтитын бұл стратегиялық құжатты Қазақстандық білім мен ғылымның бәсекеге қабілеттілігі мен сапасын арттырудың жаңаша бағдары деп айтуымызға толық негіз бар. Педагогикалық ұжымдарда мұғалімдермен, Президент жанындағы Ұлттық кеңестің өкілдерімен, сарапшылармен және Парламент депутаттарымен талқыланған жаңа жоба – бес халықаралық зерттеудің нәтижелері көрсеткен негізгі проблемаларды анықтауға және олардың шешімдерін табуға мүмкіндік бермек.
Жаңа мемлекеттік бағдарлама жобасында қазақстандық білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде тұлғаны тәрбиелеу және оқыту, ғылымның ел экономикасына қосар үлесінің артуы сынды негізгі міндеттер айқындалып, 2 мақсат, 11 міндет, 8 индикатор, 39 көрсеткіш қарастырылған. Жаңа бағдарламаның негізгі мақсаты – білім және ғылым саласын дамыту, ғылымның зияткерлік әлеуетін арттыру, цифрландыру және инфрақұрылымды жаңғырту, қажеттілігін арттыру, ғылыми әзірлемелер мен әлемдік ғылыми кеңістігіне кірігу.
Еліміздің білімі мен ғылымын дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасында қойылған міндеттердің өзектілігі мен уақтылы іске асырылу маңызын ескеріп, С. Аманжолов атындағы ШҚМУ жоғары оқу орындарына ұсынылған қағидаттарға сүйене отырып, жоғары сапалы академиялық және ғылыми-зерттеу қызметін қамтамасыз етудің, түлектердің еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізудің негізгі міндеттерін айқындады.
Бүгінгі таңда университет сұранысқа ие білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруда 59 бакалавриат бағдарламасы, 39 магистратура және 12 докторлық бағдарлама бойынша мамандар дайындауда. Барлық білім беру бағдарламалары заманауи талаптар мен елдің инновациялық даму тенденцияларын ескере отырып жаңартылды.
Тиісті білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру алдында Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасымен, серіктес серіктестермен аймақта сұранысқа ие мамандықтарға тұрақты мониторинг жүргізу жұмыстары атқарылады. Негізгі критерий – экономикалық және әлеуметтік салалардың даму динамикасы мен болашағын, еңбек нарығының тенденцияларын, жұмыс берушілердің қажеттіліктерін, халықтың білім қажеттіліктерін, түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін ескеру.
Ол 2019 жылы университетте 98% құрады және қазіргі уақыттағы мақсатты индикаторлар мен мемлекеттік бағдарламалардың көрсеткіштеріне сәйкес келеді.
Маңызды міндеттерді нәтижелі орындауға бағытталып, терең талданған жаңа бағдарлама төмендегідей басты міндеттерді қамтиды:
Заманауи басым бағыттарды және Президент Қ.К. Тоқаевтың халыққа арналған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауының «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі» бөліміндегі білім беру сапасын жақсарту мәселелерін шешуге негізделген жаңа мемлекеттік бағдарлама – қазақстандық білім мен ғылымның әлемдік кеңістіктегі бәсекеге қабілеттілігі мен сапасын арттырудағы жаңаша бағдар болары сөзсіз.
М. Төлеген, С. Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры, профессор,
заң ғылымдарының кандидаты,
философия докторы (PhD), ҚР Педагогика
ғылымдары академиясының академигі