Бас бетқе Ақпараттар Парламент Мәжілісі депутаттары сайлауының алдын ала қорытындылары бойынша 3 партия басым дауысқа ие болды

Парламент Мәжілісі депутаттары сайлауының алдын ала қорытындылары бойынша 3 партия басым дауысқа ие болды

АСТАНА. 16 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс  сайлауының алдын ала қорытындылары бойынша, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы сайлаушылар даусының 80,74 пайызын, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы 7,46 пайызын және Қазақстанның коммунистік халық партиясы 7,2 пайызын алды.

Бұл мәліметтермен бүгін Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауының алдын ала қорытындыларымен таныстырған Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов жария етті.

 Кезектен тыс сайлауда сайысқа түскен саяси партиялардың арасында Қазақстанның Патриоттар партиясы сайлаушылар даусының 0,89 пайызын, Жалпыұлттық социал демократиялық партиясы  1,59 пайызын, Қазақстанның социал-демократиялық «Ауыл» партиясы 1,46 пайызын, «Әділет» демократиялық партиясы 0,66 пайызын жинады.

 «Бұл әзірге алдын ала жасалған қорытынды. Өйткені аймақтық сайлау комиссияларының хаттамалары бізге бүгін түсе бастайды. «Сайлау туралы» заң бойынша, хаттамаларды жеткізуге 2 күндік мерзім беріледі. Партиялық тізімдер бойынша, сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауының түпкілікті қорытындыларын Орталық сайлау комиссиясы аумақтық сайлау комиссияларының хаттамалары негізінде 2012 жылдың 22-ші қаңтарынан кешіктірмей анықтауы керек», - деді ОСК төрағасы.


Счётчик ТИЦ